Сәлеметсіздер ме, құрметті біздің емханаға келушілер, әсіресекішкентай пациенттер!Барлығыңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймыз. Естеріңізге саламыз, Халықаралық балаларды қорғау күні жыл сайын 1 маусымда тойланады. Мереке 1949 жылы қарашада Париж қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы конгресінің шешімімен бекітілген. Ең алғаш бұл мереке бұдан 66 жыл бұрын тойланды.

Халықаралық балаларды қорғау күні Қазақстанда да жыл сайын кең көлемде атап өтіледі. Мереке демалыс күні болып табылмайды, алайда елімізде әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, көпшіліктің қыдыруымен аяқталады. Сонымен қатар, 1 маусымда барлық интернаттар мен балалар үйінде қайырымдылық акциялары өтеді. Демеушілер балалар үйіне түрлі сыйлықтармен барады. Шенділердің қатысуымен аз қамтылған және көмекке зәру отбасылардың балаларына ақшалай сыйлықтар тапсырылады. Қаражат материалдық көмек ретінде беріледі. Сонымен қатар, мерекелік концерттер ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар беріледі. Мерекеге орай түрлі ұйымдар еліміздің кішкентай тұрғындарына арналған ойын-сауық байқауларын өткізеді, әсіресе сурет салу байқауы танымал. Балалар асфальтқа суреттер салып, сол үшін сыйлықтар алады.

Сондай-ақ, балалар арасында ең мықты, төзімді әрі ептіні анықтау мақсатында спорт жарыстары тұрақты түрде өтеді. Бұл күні еліміздің басты алаңдарында, саябақтар мен демалыс орындарында алуан түсті шарларды, дарынды балалардың өнерін тамашалауға, балалардың асфальтқа салған суреттерін бағалауға, жарыстарды сырттай бақылауға болады. Мерекелік кеш, әдеттегідей, алуан түсті отшашулармен аяқталады.

Бүгін біздің емханада да Балаларды қорғау күніне орай Ашық есік күні өтеді. Барлық балалардың ешбір талонсыз дәрігердің қабылдауына келіп, тегін тексеруден өтуге мүмкіндігі бар. Емхана ауласында сағат 10.00-де балалардың қатысуымен флеш-моб өтеді және олар асфальтқа суреттер салады.

Барлығыңызды мерекелік шараға қатысуға шақырамыз!