Қыс – тек мамық қар, ауладағы балалардың көңілді ойындары, қысқы спорт түрлері ғана емес, бұл құбылмалы ауа райы: бірде бұрқасын қар, бірде жылымық, бірде боран, бірде көктайғақ. Осының барлығы көктайғақтан болатын жарақаттарға ықпал етеді.

Жан-жағына мұқият қарап, абайлап жүру тек қыс мезгілінде ғана емес, басқа жағдайда да жарақаттанудың алдын алудың негізгі құралдарының бірі болып табылады. Көшеге шыққанда әрбір қадамыңды аңдып басу керек. Тазартылмаған көшелер мен аяқпен тапталған мұзды жолаяқтардан аулақ болған жөн. Ең жақсысы қысқы аяқ киімнің жай табан болғаны дұрыс. Маңыздысы, аяқ киімнің табаны таймайтын материалдан (кедір-бұдыр резеңкеден немесе протекторы бар каучуктан) жасалғаны жөн, сонымен қатар жабын табанға көлденең немесе тор тәрізді болуы қажет. Таюды азайтудың тағы бір жолы: аяқ киім табанына лейкопластырь кесінділерін жапсыру.

Ең бастысы – аяқ киім орнықты болуы тиіс.

Дүкен, дәріхана, басқа да нысандардың кіреберісі плиткадан жасалған болса, ерекше абай болған жөн.

Бауы ұзын сөмкелерді көтеруден бас тартқан дұрыс, себебі иықтан сырғып, ауырлығының арқасында төменге тартуы мүмкін. Жарақат алуға сырт киімнің капюшондары да себеп болады, себебі жан-жағына көлеңке түсіріп, жолдағы жағдайды барлауға кедергі жасайды.

Жарақат құлау нәтижесінде болады. Ең жиі кездесетіні – дұрыс құламау.

Егер сіз құлайтыныңызды сезсеңіз, отыруға тырысыңыз – сонда сіз құлайтын биіктік азаяды. Сондай–ақ, құлау сәтінде жиырылуға тырысу қажет – басты жоғары көтеріп, шынтағыңызды бүйріңізге жақындатыңыз. Егер тайып бара жатқанда, тепе-теңдікті сақтай алмасаңыз, қолыңызды түзу ұстап, соған жантайып құлауға тырыспаңыз. Бір жағына қарай құлауға тырысыңыз, егер адам арқасымен құласа, онда омыртқа мен бастың жарақаттануы әбден мүмкін. Егер сіз бәрібір арқаңыздан құласаңыз, иегіңізді кеудеңізге қоюға, қолыңызды мейлінше кең жаюға тырысыңыз. Бұл сізді бас-ми жарақатынан сақтайды.

Мұз болған баспалдақтан құлаған кезде бет пен басты қорғау өте маңызды: бас пен бетті қолмен жабуға тырысыңыз. Қолыңыз бен аяғыңызды тарбитып жазып, құлауды тежеймін деп ойламаңыз, - бұл тек сынықтың санын көбейтеді.

Қарт адамдар жас ерекшеліктеріне байланысты мүгедектікке себеп болатын өте ауыр жарақаттарды көп алады. Егде жаста тіпті кішкене соққының өзі сыныққа себеп болуы әбден мүмкін, әсіресе бұл әйелдерге қатысты. Сондықтан егде жастағы қарт адамдарға ілестіріп жүретін адам болмаса, көктайғақта үйден шықпағандары жөн. Егер үйден шықпау мүмкін болмаған жағдайда, онда міндетті түрде таю мүмкіндігін азайтатын ұшы металдан жасалған таяқ ұстағаны дұрыс.

Адам жарақатты секунд ішінде алады, ал сауығу өте баяу жүреді, сондықтан мұқият және абай болыңыздар, өздеріңізді күтіңіздер!